COVID-19: Профилактикалық екпе алу не үшін қажет
Коронавирустық инфекция (КВИ) немесе COVID-19 – SARS-CoV-2 вирусы тудыратын өткір респираторлық ауру.
COVID-19 алғаш рет 2019 жылдың аяғында Қытайда тіркелді. 2020 жылдың басында коронавирустық инфекция көптеген елдерде індет туындауына себепкер болды. Аурудың таралу жылдамдығы мен асқыну ықтималдылығы 2020 жылдың наурызында-ақ әлемде COVID-19 пандемиясының жариялануына алып келді.
Джонс Хопкинс университетінің деректері бойынша, 2023 жылдың басында әлемде 669 миллионнан астам адамның ауру жұқтырғаны тіркелді, 6 миллионнан астам адамның қайтыс болғаны тіркелді. Қазақстанда 2023 жылдың басында 1 450 000-нан астам адамның ауырғаны ресми тіркелді. Инфекцияның өзі, сондай-ақ коронавирустық пневмония түрінде асқыну 2023 жылдың басында 19 000-нан астам қазақстандықтың қайтыс болуына себеп болды.
Тақырыптар
#ВАКЦИНАЦИЯ
#ЕГУЛЕР
#ВИРУС
#КОРОНАВИРУС
#БЕЗОПАСНОСТЬ
Қазақстандағы COVID-19
COVID-19-ға шалдыққан адамдардың көпшілігінде ӨРВИ (өткір респираторлық вирустық инфекциялар) түрлерінің басым бөлігіне тән жеңіл немесе орташа белгілері байқалады. Аурудан айығу арнайы емдеусіз жүреді. Алайда, адамдардың 10-15%-ында сырқат ауыр түрде өтеді және оларға медициналық көмек қажет. Бұл көбінесе қатер тобындағы науқастарда болады - 60 жастан асқандар; созылмалы ауруларға (мысалы, аутоиммундық, жүрек-қан тамырлары, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы); қант диабетіне; семіздікке; қатерлі ісікке немесе ВИЧ (АИТВ) шалдыққандар. Жүктілік кезінде коронавирус жұқтырған әйелдерде сырқаттың ауыр өтуі және мерзімінен бұрын босану қаупі артады. Оған қоса аурудың тіпті жеңіл түрі де көптеген айлар бойы сақталатын және өмір сапас.
COVID-19 респираторлық жұқпалы ауруларға жатады, ауру көп жүйелі болып саналады. Жүрек, өкпе, ми, бүйрек, қан тамырлары және адамның басқа да дене мүшелері мен жүйелері жағынан қатты асқынуды тудыруы мүмкін.
Тыныс алу жүйесі. Ең жиі кездесетін асқыну – коронавирустық (атипті) пневмония. Осындай пневмония барысында қабыну кезінде өкпенің 75% дейін (немесе одан да көп) жылдам зақымдалуы мүмкін және науқасқа ӨКЖЖ (өкпені жасанды желдету) аппараты қажет болуы мүмкін. Пневмония салдарының бірі — өкпе фиброзы, ол жазылғаннан кейін де сақталуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың наурыз айының басында Қазақстанда коронавирустық пневмониядан 5300-ден астам науқас қайтыс болған.
Жүрек-тамыр жүйесі. Дисритмия, жіті коронарлық синдром (ЖКС), жүрек жеткіліксіздігі, миокардит аурулары байқалатын миокард аурулары COVID-19-бен интенсивті терапия бөлімшесіне түскен пациенттердің 20% -да кездеседі.
COVID-19 жұқтырған 153 750 науқас арасында жүргізілген америкалық зерттеу (Long-term cardiovascular outcomes of COVID-19) мәліметтері бойынша инфекцияны жұқтырғаннан кейінгі алғашқы 30 күнде жүрек-қан тамырлары ауруларының туу қаупі жоғары. Ол сондай-ақ кем дегенде келесі 12 ай бойы сақталады.
Ғалымдар COVID-19-дан кейінгі ықтимал жүрек-қан тамырлары асқынуларын бірнеше топқа бөледі. Бұл — цереброваскулярлық аурулар (инсульт); жүрек ырғағының бұзылуы; жүректің қабыну аурулары (перикардит және миокардит); жүректің ишемиялық ауруы (өткір коронарлық ауру, миокард инфаркті, стенокардия); тромботикалық бұзылыстар (өкпе эмболиясы, терең және беткей көктамырлар тромбозы), сондай-ақ басқа да жүрек аурулары (жүрек жеткіліксіздігі, ишемиялық емес кардиомиопатия, жүрек тоқтауы және кардиогендік шок).
Жүйке жүйесі. Коронавирустық инфекция, тіпті егер науқас ауруды жеңіл түрде — ауруханаға және жан сақтау бөліміне жатқызусыз — өткізсе, когнитивті бұзылыстар туындауына себебпші болуы мүмкін. Есте сақтау қабілетінің, зияткерлік жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі сияқты когнитивтік функциялардың нашарлауы жазылғаннан кейін де сақталуы мүмкін және постковидтік синдромдардың бірі болып табылады.
Кейбір пациенттерде симптомдар тұрақты болуы мүмкін және 4 аптадан (симптоматикалық (жеделдеу) COVID-19 коронавирустық инфекциясы) және 12 аптадан (COVID-19-дан кейінгі жағдай — ковидтен кейінгі синдром) артық уақытқа созылады. COVID-19-бен ауырған адамдардың 20% -ы ұзақ мерзімді симптомдардан зардап шегетіні белгілі.
Ең жиі кездесетін COVID-19 симптомдары:
– шаршау;
– иіс пен дәмді сезбеу;
– кеуденің қысылуы;
– қалтырау немесе терлеу;
– бұлшықеттің немесе дененің ауыруы;
– құрғақ жөтел;
– тамақтың ауыруы;
– қызба;
– бас ауруы.
Сондай-ақ когнитивті бұзылулар, есте сақтау қабілеті мен жұмысқа қабілеттің төмендеуі, кеңістікті бағдарламау, ұйқының бұзылуы, қатты мазасыздық және үрейлену сияқты симптомдардың пайда болуы мүмкін.
COVID-19-ға қарсы екпе профилактикалық шараларға жатады. Ол ауру кезінде емес, аурудың алдында қолданылады және бірнеше негізгі міндеттерді орындайды. Біріншісі — ұжымдық иммунитетті арттыру есебінен инфекцияның таралуын азайту. Екіншісі — науқастарда, соның ішінде қатер тобына жататын науқастарда сырқаттың ауыр өту және асқынулар туындау ықтималдығын азайту. Үшіншісі — ұжымдық иммунитет көмегімен медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты екпе ала алмайтын адамдардың ауруды жұқтыру ықтималдығын азайту.
Екпе салдыруға уақытша, тұрақты және жалған қарсы көрсетілімдердің толық тізімі.
КВИ-ге қарсы профилактикалық екпені 18 жастан асқан барлық Қазақстан азаматтарына және елімізде үш және одан да көп ай бойы тұратын шетелдіктерге алуға кеңес беріледі. Сонымен қатар, екпені 12 жастан асқан балаларға ата-анасының немесе басқа заңды өкілдерінің келісімімен алуға кеңес беріледі.
Қазақстанда екпелердің бірнеше түрі тіркелген және қолданылады – инактивацияланған, векторлық және РНК-екпелер. Екпелердің әрекет ету тәртібі және бір-бірінен айырмашылықтары туралы бөлек мақалада баяндалған.
QazVac (QazCovid-in) — 18 жастан асқан тұлғаларға екпе салу және қайталама екпе салу үшін қолданылатын инактивацияланған вакцина. Өндіруші: «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты» ҚР БҒМ ҒК ШЖҚ РМК.
Verocell (Sinopharm) — 18 жастан асқан тұлғаларға екпе салу және қайталама екпе салу үшін қолданылатын инактивацияланған вакцина. Өндіруші: Пекин биологиялық өнімдер институты.
«Комирнати» (Пфайзер) — мРНҚ вакцинасы, ең алдымен, 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге және лактация кезеңіндегі әйелдерге екпе жасау және қайта екпе жасау, сондай-ақ тұрғындардың барлық топтарына екпе жасау және қайта екпе жасау үшін қолданылады. Өндіруші: Pfizer Мануфактуринг Бельгия Н.В.
18 жастан асқан адамдарды КВИ-ге қарсы бірінші егу екі екпеден тұрады. Бірінші және екінші екпе арасындағы аралық вакцина өндірушісіне байланысты: QazVac — 21 күн, Verocell — 21-28 күн, Комирнати — 21 күн.
«Комирнати» екпесі (Пфайзер) келесі топтарға екпе салу үшін қолданылады: 12-17 жасар балалар; жүкті әйелдер — жүктіліктің 16-37 аптасы аралығында; бала емізетін әйелдер — босанудан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін (42 күннен кейін) бала 2 жасқа толғанға дейін; бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер; шетелде «Комирнати» екпесінің (Пфайзер) бірінші дозасын алған адамдар, бірінші екпе курсын аяқтау үшін; 50 жастағы және одан асқан тұлғалар, сондай-ақ медицина қызметкерлері. Бірінші егу кезінде екі компонент арасындағы аралық — 21 күн.
Екінші доза уақтылы енгізілбеген жағдайда екпе алу курсын қайта бастамаған жөн — тек жетіспейтін доза ғана енгізіледі.
Маңызды: Вакцинация алдында КВИ-ге қарсы антиденелерді тексермеген жөн, өйткені антиденелердің болуы аурудан қорғаудың кепілі емес. Сондай-ақ, аурудың көрінетін белгілері болмаған кезде вакцинациядан бұрын ПТР тестін жүргізудің қажеті жоқ.
Жүкті әйелдер мен лактация кезеңінде әйелдерге COVID-19-ға қарсы егу жүргізу кезінде мыналарды ескеру қажет:
1) жалпы қан талдауы мен коагуллограмманы (көрсетілімдер бойынша) тапсыртып, терапевт немесе жалпы практика дәрігері егу алдында жүкті әйелдерді міндетті түрде тексеру;
2) қажет болған жағдайда жүкті әйелдерге екпе жасау тар бейінді маман — акушер-гинекологтың, ауыл деңгейінде (АДА, ФАП) — фельдшер-акушердің консультациясынан кейін жүргізіледі;
3) жүктілік басталғанға дейін екпе жасалмаған әйелдерге жүктіліктің 16-37 аптасы аралығында «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) вакцинасын салу ұсынылды;
4) егер жүкті әйел вакцинаның бірінші дозасын жүктілікке дейін немесе жүктіліктің алғашқы 12 аптасында алған болса, онда екінші компонентті жүктіліктің 16-37 аптасы аралығында алу ұсынылады;
5) жалпы қарсы көрсетілімдерден басқа, жүкті әйелдерге аллергиялық реакция кезінде, жіті қызба жағдайында, сондай-ақ жүктіліктің ауыр асқынуы — эклампсия, қан кету және басқа да жағдайлар кезінде егу жүргізілмейді;
6) лактация кезеңіндегі әйелдерге егу босанғаннан кейінгі кезең аяқталғаннан кейін — босанған соң 42 күннен кейін жүргізіледі;
7) егер жүкті әйел жүктіліктің 35-37 аптасында КВИ-ге қарсы екпенің бірінші дозасын алған жағдайда, онда вакцинаның екінші дозасы босанған соң 42 күннен кейін салынады. Екі екпе арасындағы ұсынылатын аралық 12 аптадан аспау керек.
Кез-келген КВИ түрімен ауырған адамдарға жазылғаннан кейін 6 айдан соң және екпе салдыру алдында хал-жағдайын бағалауды ескере отырып, толық екпе курсын (екі егу) алу ұсынылады. Бұл ретте КВИ-мен ауырғандарға жазылғаннан кейін 3 айдан кейін де екпе салуға рұқсат етіледі.
КВИ-ге қарсы екпенің бірінші дозасын алғаннан кейін ауырып қалғандарға екпенің екінші дозасын жазылғаннан кейін 90 күннен кейін алу ұсынылады.
КВИ-ге қарсы қайталама екпе бастапқы екпе курсы аяқталғаннан кейін 6 айдан соң бір рет (бір доза) салынады. Қажет болса, қайталама екпені ертерек салдыруға болады, бірақ бұл жағдайда рұқсат етілген ең аз аралық кемінде 90 күн болуы тиіс. Қайта екпе жасату үшін қолдануға болатын вакциналар : QazVac, Verocell, «Комирнати».
«Комирнати» екпесін (Пфайзер) келесі жағдайларда қолдануға рұқсат етіледі: медицина қызметкерлері; 50 жастағы және одан асқан тұлғалар; бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер.
COVID-19-бен ауырған және бұрын бастапқы екпе курсын толық алған тұлғаларға қайталама екпе аурудан жазылғаннан кейін кемінде 6 айдан кейін салынады.
Жекелеген жағдайларда Қазақстан Республикасы аумағында КВИ туындауының және таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімімен (Қазақстан Республикасы атынан халықаралық деңгейде өкілдік ету мақсатында шетелге шығу, сондай-ақ шығу «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлерінің және үкіметаралық келісімдер/шарттар, оның ішінде академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелге оқуға баратын тұлғалардың шетелге шығуы) екпе алушыдан немесе оның заңды өкілдерінен жазбаша түрде профилактикалық егулердің қайталама курсын алуға ерікті ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін ғана ДДСҰ мақұлдаған екпелермен КВИ-ге қарсы екпенің қайталама толық курсын жүргізуге рұқсат етіледі.
2020 жылдың наурыз айынан бері екі жылдан астам уақыт бойы жалғасып келе жатқан COVID-19 пандемиясы толқын тәрізді қарқын көрсетіп келеді – әрбір жаңа штамм шыққан сайын сырқаттану жиілігі үдеп, шырқау шыңына жетеді. Жаңа штаммдарды жұқтыру ықтималдығы бұрын коронавируспен ауырғандар үшін де жоғары. Дәл сол себепті COVID-19-ға қарсы вакцинация инфекцияны жұқтыру ықтималдығын төмендету және өзіңізді осы жымысқы инфекцияның ықтимал асқынуларынан қорғау үшін маңызды.
Тақырыптар
#ВАКЦИНАЦИЯ
#ЕГУЛЕР
#ВИРУС
#КОРОНАВИРУС
#БЕЗОПАСНОСТЬ
